Алдағы аптада РФ Бас прокуратурасы Мұхтар Әбіләзовті Ресейге тапсыртуға талпынып көреді
АСТАНА. ҚазАқпарат - РФ Бас прокуратурасының өкілдері Мұхтар Әбіләзовті Ресейге экстрадициялау бойынша француздық Лион қаласындағы сот отырыстарына қатысады.
РФ Бас прокуратурасының мәліметіне қарағанда, 2014 жылғы 3 маусымда Лион қаласының Апелляциялық соты қазақстандық БТА банк директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әбіләзов пен Мәскеу облысы Үкіметі төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Алексей Кузнецовты қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін РФ-ке тапсыру өтініштерін қарастыру бойынша сот отырыстарына ресейлік тараптың өкілдерін қатыстыру қолдаухатын бекітті.
Дегенмен де аталған күдіктілердің қорғаушылары ресейлік өкілдердің сот отырыстарына қатысуына қарсылық танытқан.
Айта кетейік, Әбіләзов пен Кузнецов Францияда 2013 жылдың шілдесінен бері қамауға алынған болатын.
Екі іс бойынша сот отырыстары Лион қаласында биылғы 12 маусымда өтеді. Осы орайда РФ Бас прокуратурасының өкілі аталған отырыстарға қатысу үшін Францияға баратын болды.
Еске салсақ, БТА Банкі Директорлар кеңесінің бұрынғы басшысы, Қазақстан азаматы М. Әбіләзов 31 шілде күні Францияда ұсталған болатын. Банкирді беруді Ресей, Украина және Қазақстан құқық қорғау органдары талап еткен еді. Тоқтала кететін жайт, Қазақстан мен Франция арасында экстрадициялау туралы келісім жоқ.