Алдағы аптада «Шаңырақ» шығармашылық конкурсына өтініштерді қабылдау басталады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылдың 6 қазанында Этножурналистика саласындағы «Шаңырақ» республикалық шығармашылық конкурсына қатысу өтініштерін қабылдау басталады. Бұл туралы бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Байқау бірнеше бағыттардағы аталымдар бойынша өтеді: Қазақстан қоғамындағы этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған үздік мақалалар, теле-радиобағдарламалар; қазақстандық патриотизмді нығайту жолындағы мемлекеттік рәміздердің рөлін жариялайтын үздік мақалалар, теле-радиобағдарламалар; ұлттық мәдени орталықтар қызметін түсіндіру жөніндегі үздік мақалалар, теле-радиобағдарламалар; Қазақстан этностарының мәдениеті мен салт-дәстүрін дамытуға бағытталған үздік мақалалар, теле-радиобағдарламалар; мемлекеттік тілдің рөлін көтеруге бағытталған үздік мақалалар, теле-радиобағдарламалар.
Бүкіл жұмыстар бұқаралық ақпарат құралдарында 2014 жылдың басынан бастап, 6 қазан аралағында жарияланған болуы керек.
Конкурсқа қатысушылар конкурстық материалдарды ұйымдастыру комитетіне 2014 жылдың 6 қазан мен 6 қараша айлары аралығында ұсына алады. Толығырақ ақпаратты www.mki.gov.kz сайтынан алуға болады.