Алдағы аптада Т. Төлешевтің ісі бойынша жаңа деректер жарияланбақ - Бас прокуратура

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы аптада кәсіпкер Тоқтар Төлешевтің ісі бойынша жаңа деректер жарияланады. Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысынан кейін ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов мәлім етті.

Алдағы аптада Т. Төлешевтің ісі бойынша жаңа деректер жарияланбақ - Бас прокуратура

Тілшілердің қамауға алынған ірі кәсіпкер Тоқтар Төлешевтің ісі бойынша қойған сауалына Бас прокурор жаңа деректер алдағы аптада жарияланатынын атап өтті.

Оның сөзіне қарағанда, бұл тұрғыда істі сотқа жолдау, онымен танысу және басқа да мәселелер қамтылмақ.

«Алдағы аптада бұл істің қандай кезеңде екенін баяндап береміз», - деді Ж. Асанов.

Айта кетейік, маусым айының басында ҚР Бас прокуратурасында өткен брифингте ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің  өкілі Руслан Карасев Тоқтар Төлешев билікті күшпен басып алуға дайындық жұмыстарын жүргізгенін мәлімдеді. «Тергеумен Төлешевтің бұрын билікті күшпен басып алуға дайындық жұмыстарын жүргізгендігі, ал өткен жылдан бері белсенді нақты әрекеттер қолданғандығы жөнінде толық мәліметтер алынған. Оның әрекет жоспарында қауырттылық ошақтарын құру арқылы елдегі жағдайды тұрақсыздандыру, наразылық акцияларын және жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру, оның аясында балама үкіметті қалыптастыруды жоспарлау және әрекет етуші билік құрылымын өзгерту қарастырылған», - деді Р. Карасев.

Атап айтқанда, Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлерімен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында Төлешевтің бірқатар сыбайлас жақтастары тұтқындалды. Олардың қатарында ҚР Бас прокурорының бұрынғы бірінші орынбасары, ҚР Конституциялық Кеңесінің бұрынғы мүшесі, екінші сыныпты әділет кеңесшісі Ілияс Бақтыбаев, Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің бұрынғы басшысы, генерал-майор Хибратулла Досқалиев, Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД бастығының бұрынғы бірінші орынбасары,  полиция полковнигі Сәкен Айтбеков, ҚР Қорғаныс министрлігі «Оңтүстік» аймақтық басшылығының 35748 және 55652 әскери бөлімдерінің командирлері, полковниктер Бекзат Жұмин және Қайрат Пернебаев бар. Аталған адамдар тұтқындалып, уақытша тергеу изоляторына отырғызылды.