Алдағы аптада Венада Иран мен «алтылық» кездеседі
АСТАНА. 2 желтоқсан. ҚазАқпарат - Алдағы аптада Венада Иранның, халықаралық «алтылықтың» және МАГАТЭ-нің сарапшылық кездесуі өтеді. Бұл туралы Иран Сыртқы істер министінің орынбасары Аббас Аракчиге сілтеме жасап ирандық БАҚ хабарлады.
Бұл кездесу қарашаның соңында Иран мен әлемдік державалар арасындағы келіссөздерде қол жеткізілген аралық келісімді жүзеге асыруға байланысты мәселелерді талқылауға арналмақ. Атап айтқанда, Теһран сол кезде халықаралық санкциялар жеңілдетілген жағдайда өзінің ядролық бағдарламасы бойынша жұмыстарды қысқартуға келіскен болатын.
ВВС-дің жазуынша, сарапшылар Женевада қол жетікізілген келісім көп жылға созылған тайталасты бәсеңдетіп, Иранның әлемдік қоғамдастыққа қайтадан оралуына септігін тигізеді деп пайымдап отыр.