11:39, 31 Қаңтар 2009 | GMT +5
Алдағы аптаның ауа райы
АСТАНА. Қаңтардың 31-і. ҚазАқпарат – Алдағы аптаның басында Қазақстанның басым аумақтарында ауа райына атмосфералық фронттың ықпалы әсер ететін болады.

Осыған байланысты күн ала бұлттанып, қар жауады деп күтілуде. Аптаның басқа күндерінде ауа райын суық антициклон қалыптастырады. Республиканың батысында аптаның соңында циклон ойысып, бұл жерде қар жауады. Қазақстанның оңтүстік-шығысында айтарлықтай өзгерістер болмайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазгидрометке сілтеме жасап.Батыста аптаның басында және аяғында кей жерлерде қар жауып, боран соғады, көктайғақ болады, қатты жел тұрады деп күтілуде. Ауа температурасы: түнде 5-10 градусқа төмендеп, кей жерлерде 15 градус аяз, 10-15 градусқа төмендеген жерлерде 18 градус аяз болады, күндіз 0-7 градус суық, аптаның соңында күн айтарлықтай жылынады, түнде температура 3-8 градус шамасында аяз, күндіз 0-5 градусқа жылынады.Солтүстікте барлық кезеңде ауа райы жауын-шашынсыз суық болады деп күтілуде. Тек аптаның басында ғана кей жерлерде аздап қар қылаулайды. Ауаның температурасы: түнде 20-25, кей жерлерде 28, күндіз 10-15 градус аяз, аптаның соңында: түнде 15-20 градусқа дейін, күндіз 5-10 градусқа дейін суық болады деп күтілуде.Орталықта аптаның бірінші жартысында кей жерлерде аздап қар жауады деп күтілуде. Ауа температурасының ауытқуы мынадай болады деп болжануда: түнде 13-18, кей жерлерде 23 градустан 20-25 градусқа дейін аяз, күндіз 2-7 градустан, кей жерлерде 5-10 градусқа дейін аяз, аптаның соңында аяз сынады: түнде 10-15, кей жерлерде 18 градус, күндіз 0-7 градусқа дейін суық болады деп күтілуде. Шығыста аптаның басым бөлігі жауын-шашынсыз, аязды болады. Аптаның басында кей жерлерде қар жауады. Ауа температурасы бірте-бірте төмендейді: 18-23, кей жерлерде 28 градустан 23-28 градусқа жетеді, күндіз 10-15 градустан 18-23 градусқа дейін төмендейді, кей жерлерде 13 градус аяз.Оңтүстікте аптаның басы мен аяғында жауын-шашынды болып, тұман түсуі, көктайғақ болуы мүмкін, қалған күндері күн ашық болады. Температураның негізгі көрсеткіші мынадай болады деп күтілуде: түнде 2-7, кей жерлерде 15 градус аяз, күндіз 0-5, кей жерлерде 8 градус суық, аптаның соңында температура күндіз 0-5 градусқа дейін көтеріліп, кей жерлерде 5 градус суық болады.