Алдағы айларда жанар-жағармайдың қазіргі бағасы сақталатын болады - Мұнай және газ министрлігі
АСТАНА. Шілденің 16-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Алдағы айларда жанармайдың қазіргі бағасы сақталып тұрады.
Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Мұнай және газ вице-министрі Әсет Мағауов мәлім етті.
«Қазіргі кезде Аи-93 маркалы бензиннің бағасы - 86 теңгеден, Аи-80 бензині - 68 теңгеден, сондай-ақ дизель отынының әр литрі 69 теңгеден аспауы тиіс. Енді осы баға алдағы екі айда сақталып тұрады деген ойдамыз. Атап айтқанда, одан кейін де бағаның күрт өсуі болмайды деп пайымдап отырмыз»,- деді вице-министр. Осыған байланысты ол бұл бағытта бірлескен комиссияның жұмысы жүріп жатқанын, оның құрамына мұнай өңдеу зауыттарының өкілдері, әкімдіктер осы нарықтағы жағдайға зерделеу шараларын жүргізіп отырғандығын жеткізді.
Сонымен қатар вице-министр аграрлық секторға бөлінетін жанар-жанармай мәселесіне де тоқталып өтті.
«Көктемгі егіске 300 мың тоннадан астам жанар-жанармай берілді, ал күзгі егін орағы науқанында 400 мың тоннаға жуық жеткізуді жоспарлап отырмыз. Еш тапшылық болмайды деген ойдамыз»,- деді ол.