Алдағы бес жылда 17. млрд. долларды құрайтын 59 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда - Д. Көтербеков

АСТАНА. Наурыздың 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстанның көлік саласында алдағы бес жыл ішінде 59 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Жобалардың жалпы құны 17. млрд. доллар шамасында болып отыр.

Алдағы бес жылда 17. млрд. долларды құрайтын  59 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда - Д. Көтербеков

Бүгін Парламент Сенатында «Қазақстанның Еуропа елдерімен сауда-экономикалық ынтымақтастығының перспективалары» атты тақырыбында өткен конференция барысында Көлік және коммуникация вице-министрі Дулат Көтербеков осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Вице-министрдің айтуынша, еліміздің көлік инфрақұрылымының жағдайы Еуропа мен Шығыс және Оңтүстік-шығыс Азия рыногы арасында орналасқан Қазақстан экономикасы үшін маңызды фактор болып табылады. Бұл ретте Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктеріне көп мәселе байланысты да болып отыр.

«Сондықтан да, Қазақстанның көлік саласын дамытудағы негізгі басымдықтары Еуразиялық желідегі көлік жүйесін ықпалдастыру, көлік заңнамасын халықаралық талаптарға сәйкестендіру, жағымды инвестициялық климат қалыптастыру бағыттарын қамтиды. Қазақстан халықаралық және өңірлік ынтымақтасты нығайту мақсатында ықпалдастық үдерістерге белсенді араласып отыр. Бұл шара 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасында көрініс тапты. Сонымен бірге, көлік саласында алдағы бес жыл ішінде 59 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл жобалардың жалпы құны 17. млрд. доллар шамасында болып отыр», деді Д. Көтербеков.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан аумағынан халықаралық мәнге ие 6 автокөлік, 9 теміржол, 4 әуе жолдары дәліздері өтеді. Бұл дәліздердің географиялық орналасуы негізгі жүк ағының халықаралық бағыттарына сәйкес келеді. «ТРАСЕКА», «Солтүстік-Оңтүстік», «Еуропа автокөлік жолдары», «Еуропа теміржол магистральдары» секілді негізгі халықаралық дәліздердің қатысушысы ретінде Қазақстан Еуразиялық көліктік желіні одан сайын ықпалдастыру бағытындағы шараларды жалғастырып келеді», деді вице-министр.