Алдағы бес жылда 673 мың қазақстандық жұмысшы біліктілігін алады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат  - Бүгін Алматыда Туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжінде ҚР Білім және ғылым министрлігі өкілдерінің қатысуымен пресс-тур өтті. Оның барысында ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Насымжан Оспанова «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын іске асыру жайлы айтып берді.    

Алдағы бес жылда 673 мың қазақстандық жұмысшы біліктілігін алады

«Биылдан бастап бағдарламаның модульді технологиясына көшеміз. Модульдік білім алушыларға оқу траекториясын өзі жасауына септігін тигізеді. Биыл ҚР Білім беру туралы заңына «оқуға ниет білдірген адамдар оқу уақытын өзгерте алсын» деген толықтыру енгізіп жатырмыз. Білім аламын деген адам жергілікті атқару органдарына тіркеліп, үш жұмысшы біліктілігін ала алады. Бағдарлама екі бағытта жүзеге асады: «Баршаға арналған тегін кәсіптік білімді енгізудің жол картасы»  мен нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде жүзеге асады», - деді Насымжан Оспанова.

Оның айтуынша, алдағы 5 жылда жоба аясында 673 мың адамның кәсіби біліктілігін дамыту жоспарда бар. Оның ішінде жергілікті бюджет есебінен 353 мың адам қамтылатын болды.  Болжам бойынша 2021 жылға қарай Қазақстандағы орта білім алушылардың 40 пайызы жұмысшы біліктілігін алады, осылайша, біліктілігі жоқ мамандардың саны 20 пайызға төмендемек.

Мамандар сондай-ақ, Қазақстандағы кәсіптік білім беру саласының кенжелеп қалуының негізгі себептерін айтып өтті.

«Ең алдымен, кәсіптік білім беруге кез келген жасөспірімнің қолы жете бермейді. Оқу бағдарламалары тиімсіз. Оқытушылардың біліктілігі жұмыс берушілердің талабына сай бола бермейді. Қаржылық жүйенің тиімсіздігі де өз ықпалын тигізіп отыр. Сондай-ақ, колледжердің өндіріспен байланысы әлі де әлсіз», - деді Насымжан Оспанова.

Айта кету керек,  «Барша үшін тегін кәсіптік-техникалық білім» жаңа жобасын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында ұсынған болатын.

Биылдан бастап ҚР БҒМ аталған бағытта жұмыс жасап жатыр.