Алдағы бес жылда елімізде шамамен 60 бордақылау алаңын құру жоспарлануда - «ҚазАгро» басшысы

АСТАНА. 8 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Елімізде алдағы бес жыл ішінде шамамен 60 бордақылау алаңын құру жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Асылжан Мамытбеков мәлім етті.

Алдағы бес жылда елімізде шамамен 60 бордақылау алаңын құру жоспарлануда   - «ҚазАгро» басшысы

Холдинг басшысының айтуынша, еліміздегі бордақылау алаңдарын құру жобалары Ұлттық қордың қаражаты есебінен қаржыландырылатын инвестициялық бағдарламалар шеңберінде жүзеге асады. «Ағымдағы жағдайға сәйкес, жалпылама өндіріс қуаты жылына 6 мың тонна ет өндіруге мүмкіндік беретін бордақылау алаңын құру бойынша 8 жобаны қаржыландыру мақұлданды. Бұндай жобалардың жалпы құны 12,8 млрд. теңгені құрайды. Ал алдағы бес жыл ішінде біржолғы 150 мың бас немесе жылына 300 мың бас мал өсіретін шамамен 60 бордақылау алаңдарын құру жоспарлануда», -деді А. Мамытбеков.

Оның айтуынша, аталған жобаларды жүзеге асырудың нәтижесінде елімізде бес жылдан кейін шамамен 60 мың тонна ет экспортқа шығарылса, он жылдан кейін бұл көрсеткіш 180 мың тонна сиыр етіне жететіндігі болжануда.