Алдағы бюджетті жоспарлауда депутаттардың сын-ескертпесі ескерілуге тиіс - Ерлан Қошанов

АСТАНА. ҚазАқпарат – Алдағы бюджеттерді жоспарлауда депутаттардың сын-ескертпелері ескерілуі қажет. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында палата төрағасы Ерлан Қошанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: parlam.kz

«Бүгін бағдарламалардың орындаушылары тендердің ұзаққа созылуы мен тағы да басқа сылтауларды айтып, ақталып жатыр. Және бұл жағдай бізде жылдан жылға қайталанып келеді. Яғни, мұның бәрі жүйелі проблемалардың бар екенін көрсетеді. Ондай жағдайларды болдырмау үшін алдын алу шараларын осы уақыттан бастап қолға алуымыз керек. Бұл іс-шаралар бірінші кезекте жаңадан келетін Бюджет кодексінде және мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасында ескерілуі қажет», - деді Мәжіліс төрағасы.

Оның атап өтуінше, қаржының игерілмей қалуы мемлекеттік сатып алу заңындағы олқылықтарға байланысты болып отыр.

«Аталған мәселе Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында да нақты айтылған. Сонымен қатар Президентіміз Парламент сессиясын ашу кезінде әрбір тиынның жұмсалуына Парламент тарапынан бақылау жасаудың маңыздылығын айрықша атап өтті. Мұны біздің сайлаушыларымыз да талап етіп отыр. Таяу арада елге барамыз. Бүгінгі күні депутаттық корпусқа бюджеттің атқарылуы бойынша жылдық қорытынды есепті тыңдап қана қоймай, жыл бойы мониторинг жүргізіп, бақылауға мүмкіндік беріліп отыр», - деді Ерлан Қошанов.

Осы орайда Мәжіліс спикері Үкімет мүшелері 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті мақұлдауға кейбір депутаттардың қарсы болғанын және қалыс қалғандардың да бой көрсеткенін ерекше назарға алуы қажеттігін баса айтты.

«Дегенмен Үкіметтің күрделі геосаяси жағдайда жұмыс атқарғанын да атап өтуіміз керек, мойындауымыз қажет. Соған қарамастан экономикамыз бүгінде тұрақты дамып, халықтың алдындағы әлеуметтік міндеттемелер орындалып жатыр. Бұл мәселе де бүгінгі шешім қабылдағанда депутаттар тарапынан ескерілді. Жалпы айтқанда Парламент пен Үкімет иық тіресе жұмыс атқарып, алдағы бюджеттерді жоспарлау кезінде бүгінгі айтылған сын-ескертпелері бәрі ескерілуі қажет», - деді Ерлан Қошанов.


Соңғы жаңалықтар