Алдағы екі жылда мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін 13 мыңға жуық нысан бейімделеді
«Мүгедектігі бар жандарға қоғамда қалыпты жағдай жасау мақсатында 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар, «Аманат» партиясының жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2021 жылы әзірленген «Кедергісіз келешек» жобасы іске асырылуда. Осылардың шеңберінде ел бойынша қайта бейімдеуді талап ететін 22 мың нысан анықталды. 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін әр жыл сайын 4 400 нысаннан бейімделіп отырады», - деді Төлеген Оспанқұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Оның айтуынша, 2021 жылдан бері атқарылып келе жатқан жұмыстардың нәтижесінде бүгінге дейін 9 030 нысан мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қайта бейімделген.
«Жергілікті атқарушы органдардың дерегіне сай, биыл жергілікті бюджеттен ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін инфрақұрылымды жақсартуға, соның ішінде оларды пандустармен, бейімделген лифттермен, дәретханалармен, зағиптар үшін бағыттаушы белгілермен қамтамасыз етуге 1,7 млрд теңге бөлінген», - деп тоқталды комитет төрағасы.