Алдағы күндері елордада ауа райы жауын-шашынды болады
АСТАНА. 21 қазан. ҚазАқпарат - Синоптиктердің болжамынша, Астанада жаңа жұмыс аптасының басында күн суытады, жауын-шашынды болады.
Бұл туралы аstana.kz сайтына «Қазгидромет» РМК хабарлады.
Алдағы күндері көшпелі бұлт шығады, аздап жаңбыр жауады. Түнде ауа температурасы 0+5°C, күндіз +2+11°C болады.
«Дүйсенбі күні Астанада күн ала бұлтты болады, күндіз өткінші жаңбыр жауады. Оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан 9-14 м/с жылдамдықпен жел соғады, таңертең және күндіз оның екпіні 15-18 м/с жетеді. Түнде ауа температурасы +3+5°C, күндіз +9+11°C болады», - делінген хабарламада.
Сейсенбі күні елордада көшпелі бұлт шығады, аздап жауын-шашынды болады. Солтүстік-батыстан 9-14 м/с жылдамдықпен жел соғады, кей жерлерде екпіні 18 м/с жетеді. Түнде ауа температурасы +2+4°C, күндіз +4+6°C болады.
Сәрсенбі күні Астанада күн ала бұлтты, жауын-шашынды, сондай-ақ солтүстік-батыстан 9-14 м/с жел соғады. Түнде ауа температурасы 0+2°C, күндіз +3+5°C болады.