Алдағы күндері Қазақстанның солтүстігі мен орталығында аяз күшейеді
АСТАНА. 21 ақпан. ҚазАқпарат - Алдағы тәуліктерде еліміздің Шығыс бөлігінде атмосфералық фронттардың ықпалынан қар жауып, бұрқасын байқалып, желдің күшейуі сақталады, кей жерлерде тұман, көктайғақ болуы ықтимал.
Бұл туралы Қазгидрометтің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Қалған аймақтарда суық антициклонның әсерінен ашық күн-райы күтілуде, сондай-ақ республиканың солтүстігі және орталығында ауа температурасы түнде -33 градус аязға дейін төмендейді, ал күндіз -22 градусты құрайды. Дегенмен, аптаның соңына қарай бұл ызғар еліміздің шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлеріне жылжиды.
Демалыс күндері батыс аймақтарда жел күшейіп, екпіні 23 м/с-қа дейін жетеді. Келесі аптаның басында еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы жоғарылап, күн жылымық танытады, алайда батыс аймағына Скандинавия өңірлерінен кезекті суық ауа массалары келеді.