Алдағы күндері техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің қатысушылары арасында Орындаушылардың 31-ші республикалық байқауы өтеді
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап.
Білім және ғылым министрлігі, білім алушылардың кәсіби даярлығын арттыру, дарынды жастарды анықтау, олардың шығармашылықтарына қолдау білдіру және Қазақстанның музыкалық өнерін насихаттау мақсатында, техникалық және кәсіптік білім орындарында оқитын жастардың арасында Орындаушылардың республикалық байқауын дәстүрлі ұйымдастырады.
Биыл байқау «Аспапта орындаушылық» мамандығы бойынша Алматы қаласындағы П. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжі базасында келесі аталымдар бойынша өтеді: үрмелі ағаш аспаптар (флейта, гобой, кларнет, фагот, саксофон-альт, саксофон-тенор), үрмелі мыс аспаптар (валторна, труба, тромбон, туба), ұрмалы және қазақ халық аспаптары (домбыра, шертер, қобыз-прима, қылқобыз), орыс халық аспаптары (баян, аккордеон, гитара, домра-прима, домра-бас).
Орындаушылардың 31-ші республикалық байқауына 17 оқу орнынан барлығы 180 жас қатысады деп күтілуде.
Олардың талаптары мен шеберліктерін белгілі мәдениет және өнер қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы бағалайтын болады. Байқау қорытындысы сәуірдің 22-сі күні шығарылады және жеңімпаздар марапатталады.