Алдағы мерекеге орай қосымша пойыз және вагондар жолға шығарылды
АСТАНА. 17 наурыз. ҚазАқпарат - Халық тарапынан теміржол тасымалына сұраныстың артуына байланысты, «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы мереке қарсаңында және мереке күндері,
яғни 16-23 наурыздың аралығында қосымша пойыз бен тіркеме вагондарды жолға шығарады, деп хабарлады акционерлік қоғамның баспасөз қызметінен.
Атап айтқанда, Алматы мен Астананың аралығында жеті вагондық және 288 орындық №36/35 жүрдек пойызы қатынайтын болатын. Қосымша құрама «Астана» стансасынан 18 наурызда 22 сағат 05 минутта аттанады, «Алматы-2» стансасына 19 наурыз күні 20 сағат 53 минутта жетеді. Ал кері қарай «Алматы-2» стансасынан 20 наурыз күні 14 сағат 44 минутта жолға шықса, «Астана» стансасына 21 наурыз күні 13 сағат 53 минутта келеді.
Оған қоса, 16-23 наурыз аралығында жолаушылар пойыздарының схемасына сұраныс көп бағдарлар бойынша 134 қосымша вагон тіркеледі.