Алдағы онжылдықта адамзаттық капитал маңызы арта түседі - Е. Орынбаев

СТАНА. Сәуірдің 26-сы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Білім беру жүйесінің мақсаты - білім мен технологиялар бойынша қалыс қалмау.

Алдағы онжылдықта адамзаттық капитал маңызы арта түседі - Е. Орынбаев

Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан ТМД елдері мұғалімдерінің, білім саласы қызметкерлерінің І съезінде Үкімет басшысының орынбасары Ербол Орынбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, форумға Қазақстан, Әзірбайжан, Беларус, Армения, Қырғызстан, Ресей, Молдова, Тәжікстан мемлекеттерінен шақырылған 500-ден астам делегат қатысуда. Екі күнге созылатын шара оқытушылар мәртебесін арттыруға, сондай-ақ ұлттық білім және ғылым жүйесіндегі ынтымақтастықтың бұдан арғы жаңа бағыттарын айқындауда тың идеяларды ортаға сауға негізделіп отыр. Сонымен бірге форумда білім беру үдерісіндегі педагогикалық ғылымның нормативтік, оқу-әдістемелік сүйемелдеуге қосар үлесі мен проблемалары сөз болмақ. Атап айтқанда, заман талабына сай жаңа буын оқулықтарын әзірлеу, бұл бағыттағы проблемалар, мектептік білім беруді дамытудағы мұғалімнің рөлі, жоғары білім мәселелері қаралады.

«Жаһандану жағдайында мемлекеттердің тұрақты дамуы көбінесе біздің халықтар арасындағы қазіргі кездегі өзара қарым-қатынасты сақтап қалуға байланысты. Бірыңғай тарих және туысқандық жақындық, миллиондаған адам тағдырының тоғысуы, ортақ мақсатқа ұмтылу - біздің қазіргі және болашағымыздың берік негізі»,-деді Е. Орынбаев ТМД елдері мұғалімдерінің, білім саласы қызметкерлерінің І съезінде. Үкімет басшысының орынбасары алдағы онжылдықта адамзаттық капитал маңызы арта түсетінін, жаһандық бәсекелестік жоғарылайтынын, сондай-ақ биотехнолгияның, информатиканың, нанотехнологияның және ғылымның басқа да саласына негізделген жаңа технолгиялық толқын келетінін атап өтті.