Алдағы сайлау еліміздің саяси өмірінде маңызды рөлге ие - Қ.Тұрғанқұлов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы сайлау еліміздің саяси өмірінде маңызды рөлге ие. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайлауын әзірлеу және ұйымдастыру мәселелері жөніндегі республикалық семинар-кеңесте сөз сөйлеген ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов осылай деді.

Алдағы сайлау еліміздің саяси өмірінде маңызды рөлге ие - Қ.Тұрғанқұлов

«Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау 2016 жылдың 20 наурызына белгіленді. Сонымен қатар біз мәслихаттар депутаттары сайлауын да сол күні өткізу туралы тиісті қаулы қабылдадық. Алдағы сайлау еліміздің саяси өмірінде маңызды рөлге ие болатыны сөзсіз. Себебі оның нәтижесі еліміздің одан ары дамуын айқындайтын болады», - деді ол.

Осы орайда ОСК төрағасы алдағы басты мақсат - сайлаудың заңдылығын және әділ өтуін қамтамасыз ету екенін кеңеске қатысушылардың қаперіне салып өтті.

«Бұл мақсатты тиімді іске асыру үшін барлық қажетті ресурстар бар. Сайлау науқаны 2 ай ішінде өткізілетін болады. Ал бұл мерзім ішінде біз көптеген іс-шараларды іске асыруымыз қажет. Осыған орай алдағы уақытта бізді жауапты кезең күтіп тұр. Бұл жұмыс бәрімізге таныс. Сондықтан осы сыннан бәріміз сүрінбей абыроймен өтетіндігімізге сенімдімін», - деді Қ.Тұрғанқұлов.