Алдағы сайлауда Парламентке, Үкіметке жаңа адамдардың келуіне мүмкіндік болады – Сенат төрағасы

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев алдағы сайлауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы елімізде кезектен тыс Президент сайлауын, Мәжілістің сайлауын өткізу туралы ұсыныс айтты. Бұл ұсынысты толықтай қолдаймыз. Жалпы, осындай қадамға барудың бірнеше нақты себебі болды. Біріншіден, елімізде үлкен саяси реформалардың жүзеге асып жатқанын білесіздер. Осындай реформалардың аясында үлкен өзгерістер болып жатыр. 5 маусым күні референдумда Конституциямызға өзгерістер енгіздік. Ары қарай осы саяси-экономикалық реформалар жалғасатын болады», - деді М. Әшімбаев.

Осы орайда ол халықтың қолдауы арқылы аладағы өзгерістерді іске асыру мүмкін болатынын айтты.

«Сондықтан еліміздегі осы жағдайды, қаңтарда болған трагедиялық оқиғаларды ескеріп, тиісті өзгерістер болып жатыр. Түбегейлі реформаларды жалғастыру үшін билік тармақтарына, Президентке, Үкіметке, Мәжіліске, Сенатқа, мәслихаттарға халықтың мандаты керек. Халық қолдаса, онда сол мандатты алып, ара қарай түбегейлі реформаларды жалғастыруға мүмкіндік болады», - деді Сенат төрағасы.

Сонымен қатар М.Әшімбаев келесі жылы өтетін сайлаудан кейін Парламентке түрлі саланың мамандары келетінін атап өтті.

«Екіншіден, соңғы айларда билікке жаңа адамдар келуі керек деген мәселе көтеріліп жатыр. Басқа салаларда қызмет етіп жүргендердің, қоғамдық жұмыстағылар, бизнестегі мамандардың, ғылымдағы азаматтардың келуі туралы ұсыныстар айтылып отыр. Сондықтан алдағы сайлауларды өткізу арқылы Мәжіліске, Сенатқа, мәслихаттарға, Үкіметке жаңа адамдардың келуіне мүмкіндіктер туады. Бұл сайлаулар реформалардың жалғасы және оның нәтижесінде жаңа қоғамдық ұйымдар өкілдерінің, жаңа саяси партиялардың билік тармақтарына келуіне жол ашылады», - деді Сенат төрағасы.

Бұдан ьұрын хабарланғандай, биыл қыркүйек айындағы Жолдауында Мемлекет басшысы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынды.

«Ескі тәсіл бойынша сайланған биліктің өкілді органдарының кезектен тыс сайлау науқаны арқылы жаңаруы заңдылық. Сондықтан Мәжілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын келесі жылдың бірінші жартысында өткізуді ұсынамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар