Алдағы уақытта 70-тен астам әлеуметтік нысан энергия үнемдеу ұстанымдары бойынша жаңғыртылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы уақытта 70-тен астам әлеуметтік нысан энергия үнемдеу ұстанымдары бойынша жаңғыртылады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Аманияз Ержанов мәлім етті.

Алдағы уақытта 70-тен астам әлеуметтік нысан энергия үнемдеу ұстанымдары бойынша жаңғыртылады

Оның атап өтуінше, елімізде әлеуметтік және бюджеттік нысандардың энергия тиімділігін арттыру үшін Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, арнайы гранттық жобаны іске асыру басталған.

«Жоба аясында алдағы жылдар ішінде 70-тен астам мектеп, балабақша, аурухана және қалалардағы көшелер энергия үнемдеу ұстанымдары бойынша жаңғыртылатын болады. Жалпы айтқанда, энергия үнемдеу саясаты және қолға алынған іс-шаралар нәтижесінде елімізде жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығы 18,6 пайызға төмендеп, Елбасының алдымызға қойған міндеттері нәтижелі орындалады», - деді А.Ержанов.

Сонымен қатар, комитет басшысының сөзіне қарағанда, соңғы жылдары елімізде жарық көрген энергия үнемдеу саласындағы 18 оқу орталығы мен 5 жоғары оқу орны шамамен 1 мың маманды дайындап шығарған.