Алдағы уақытта біз индустрияландыру бағдарламасы игілігін барынша молынан сезінетін боламыз - Ә.Исекешев
АСТАНА. 13 маусым. ҚазАқпарат - Алдағы уақытта біз индустрияландыру бағдарламасы игілігін барынша молынан сезінетін боламыз. «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев осылай мәлім еткен.
Басылымның «Сіз күнделікті тұрмыс жағдайында индустрияландыру жемісін көріп жүрсіз бе?», деген сауалына жауап берген ол: «Әрине, үш жыл ішінде барлық өнім түрлерін шығару өндірісін құру мүмкін емес. Солай бола тұрса да, біз елімізде бұрын ешқашан өндіріліп көрмеген 200-ден астам өнім өндіруді жоспарлап отырмыз. Оның ішінде 140 өнім түрі қазірдің өзінде шығарылуда. Мәселен, өз басым, Қазақстанда шығарылған автокөлікпен жүремін. Менің балаларым «Мимиорики» фирмасының киімдерін киеді. Осының бәрі тамаша қазақстандық өнімдер. Сонымен бірге, осы бағдарлама шеңберінде елімізде көптеген сапалы азық-түлік өнімдерін шығару мәселесі жолға қойылды. Тұрмыста жергілікті өндіріс орындары шығаратын «LG» тоңазытқыштары, теледидарлары, кір жуатын машиналары қолданылады. Бүгінде елімізде бой көтерген құрылыс нысандарында индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде Қазақстанда шығарылатын құрылыс материалдары пайдаланылады. ҮИИД бағдарламасы шеңберінде дүниеге келген өндіріс өнімдері біздің өмірімізде, тұрмысымызда барынша кеңінен орын ала бастады. Алдағы уақытта біз индустрияландыру бағдарламасы игілігін барынша молынан сезінетін боламыз», - деді.