Алдағы уақытта елімізде «Ұлттық кітап күні» мерекесі аталып өтілмек
АЛМАТЫ. 6 сәуір. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алдағы уақытта елімізде «Ұлттық кітап күні» мерекесі пайда болмақ.
Бүгін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде "Баспа мамандарын даярлау және жұмыспен қамтамасыз ету мәселелері" атты дөңгелек үстел қорытындысы бойынша осындай қарар қабылданды.
Аталған шара ҚазҰУ-да республикалық деңгейде жыл сайын өткізіліп тұрмақ. Бұнымен қатар баспагерлер «Баспагерлер форумы» немесе «Баспагерлер құрылтайы», «Баспагерлер алқасы» сияқты орта қалыптастырып, өзара басқосуы дәстүрге айналатын болды. «Бұл шараның барлығы баспагерлер, БАҚ өкілдері мен факультеттегі 103 студент білім алып жатқан кафедра арасындағы байланысты дамыта отырып, шәкірт шеберлігін арттырып, олардың болашақта өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына ұйытқы болуды көздейді», - дейді басқосуды ұйымдастырушысы «Баспа ісі және БАҚ дизайны» кафедрасының меңгерушісі Сағатбек Медеубекұлы.
Естеріңізге сала кетейік, соңғы уақытта аталған кафедраның ұйымдастыруымен баспа саласы бойынша білім беруді жетілдіру бағытында өзекті шаралар өткізіліп жүр. Соның жалғасы - бүгінгі басқосуға «Қазақ энциклопедиясы», «Мектеп», «Білім», «Ана тілі», «Жазушы», «Жалын», «Атамұра», «Экономика» және «Көкжиек» баспаларының директорлары, республикалық газет бас редакторлары Нұртөре Жүсіп, Шәмшиддин Паттеев қатысып, өз ойларын ортаға салды, шеберлік сағаттарын өткізді. Шара аясында баспалардың кітап көрмесі және саудасы өткізілді. Сонымен қатар республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, баспагерлер, полиграфистер, кітап басу, тарату ісінің мамандары тарапынан студенттерді жұмыспен қамту, теориялық білімі мен өндірістік тәжірибе мәселесі талқыланды.
«Ана тілі» баспасының директоры Жақау Дәуренбековтің сөзіне қарағанда, бүгінгі кітап шығару мен таратудағы, маман даярлау мен жұмыс барысында кездесетін өзекті мәселе өте көп. «Әсіресе қазақ кітап күйінің жағдайы нашар, қазақ кітаптарының жәрмеңкесі өткізілмейді»,- деді баспагер, жазушы. Дөңгелек үстелге жиналғандар қазір ақпарат таратылымында интернет рөлін де талқылап, тиімді пайдалану жолдарымен бөлісті.
Жиын соңында баспа басшылары алдағы оқу жылдарында студенттерге арнайы стипендия тағайындауды қолға алатындықтарын айтты. Сонымен қатар өндірістік тәжірибеден өтуге студенттерді еш кедергісіз қабылдайтын болды.