Алдағы уақытта қазақстандық ұшқыштардың ғарышқа ұшуы екіталай - Т. Мұсабаев
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осы уақытқа дейін қазақстандық екі ғарышкер-сынақшы маманды даярлауға қатысты біршама қаражат шығындалды. Бұл екі қазақ жігітін осы мамандыққа өзім таңдап, осы уақытқа дейін, тіпті Қазақстанның азаматтығын алмай тұрғанда да көз қырымды салып жүрдім. Екі жігіт те толық жалпығарыштық әзірліктен өтті, арнайы дипломын алып шықты. Енді оларды ғарышкер-сынақшы деп атауға да болады. Күні бүгінге дейін ғарышкерлерді дайындауға қатысты жұмысқа тоқталатын болсам, бұл мақсатқа 16 млн. теңгеге жуық қаражат шығындалды. Ендігіде бұл ғарышкерлер резервте болады. Жалпы, осы уақытқа Ұлттық ғарыш агенттігі көп күш-жігер жұмсағанына қарамастан, ұшқыштардың ғарышқа көтерілуіне жолдары болмады. Бұған бір жағынан дағдарыс та салқынын тигізді, бюджеттен тиісті қаражат қысқарып қалды. Осыдан 2-3 жыл бұрын ғарышқа самғау құны 26 млн. доллар шамасында болатын. Қазіргі құны күннен-күнге шарықтап барады. Дегенмен, дәл қазіргі күні әлемдегі ғарыш мәселесі бір-бірімен тығыз ықпалдасып, берік байланысып отырғандықтан, қазақстандық ғарышкерлердің көкке көтерілуі екіталай дүние болып отыр», деді Т. Мұсабаев.
Оның айтуынша, ағымдағы жылдан бастап «Шатл» американдық зымыран-ғарыштық жүйесінің ұшуды тоқтатуына байланысты, ғарыш саласына қатысты барлық ауырлық Ресейдің зымыран-ғарыштық кешеніне түсіп отыр. Бір жағынан Ресей ендігі күні экипажында 6 адам болатын аппараттарды жасауға әрең үлгеруде екен. «Қазақстандық ғарышкерлер ең болмағанда корабльдегі борт-инженер ретінде ғарышқа ұшуына болатын еді, бірақ халықаралық ғарыш стансысы көптеген елдердің басын біріктіретін халықаралық құқыққа иеленгелі бері бұл мәселе тым күрделі болып кетті. Қазақстан бұл халықаралық ұйымға мүше емес. Сонымен бірге, бұрын Ресей корабль экипажы мүшелерін өзі таңдай алатын болса, қазіргі күні бұл мәселе 16-ға жуық мемлекетпен келісіліп, жүзеге асады. Сондықтан да, ғарышқа ұшуға үлкен кезек қалыптасып қалды деуге де болады. Тіпті, осыдан біраз уақыт бұрын қаражаттарын төлеп қойғандар да кезектерін күтіп отыр. Ғарыш кораблі экипажының негізгі құрамына келетін болсақ, корабль командирі міндетті түрде Ресей азаматы болады. Екіншіден, халықаралық ғарыш стансысын қаржыландырудың 94-96 пайызы АҚШ-тың үлесінде болғандықтан, осы елдің азаматы міндетті түрде екінші орында тұрады. Осы екі орынға ешкім таласа алмайды. Үшінші орын да қазіргі күні бос емес, бұл орын - Еуропалық ғарыш агенттігінің еншісінде. Оның үстіне, Еуропалық ғарыш агенттігінің құрамына да бірнеше мемлекет кіреді, тіпті осыдан біраз бұрын ұшуға қатысты алдын ала қаржысын төлеп қойып, күтіп отырғандар да осылар», деді Т. Мұсабаев.