Алдағы уақытта мемлекеттік органдарда этика жөніндегі комиссар енгізілуі мүмкін - Ә. Бәйменов
АСТАНА. 7 қараша. ҚазАқпарат - Алдағы уақытта мемлекеттік органдарда этика жөніндегі комиссар енгізілуі мүмкін.
Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов мәлім етті.
Елбасы бірнеше мәрте «Командалық көшудің» сыбайлас жемқорлыққа жол ашатындығын айтқан болатын. Өйткені жемқорлықтың өзі жергілікті азаматтардан басталады. Ал, ондай жағымсыз құбылысты тоқтату үшін заң жобасымен камандалық көшуге барынша тосқауыл қою көзделген»,-деді Ә. Бәйменов.
Сонымен қатар агенттік төрағасы мемлекеттік қызметкерлердің корпоративтік мәдениетін жоғарылату мәселесіне тоқталып, оның ұдайы әрі сатылап жүзеге асуы тиістігін атап өтті.
«Құжатта сыбайлас жемқорлыққа қарсы нормалар нақтыланып отыр. Бұл ретте мемлекеттік қызметкер осындай кері құбылыстың алдын алуға, оған қарсы тұруға және ол туралы хабарлауға заң жүзінде міндетті болады. Мұның өзі елдегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға септігін тигізеді деп ойлаймын. Бұдан бөлек халықаралық тәжірибені зерделей келе, біз алдағы уақытта этика жөніндегі комиссарды енгізуіміз де мүмкін. Арнайы сертификатталған ондай комиссарлар әрбір мемлекеттік органдарда мемлекеттік қызметшілер арасынан жасақталуы ықтимал,-деді агенттік төрағасы.