14:31, 08 Қараша 2017 | GMT +5
Алдағы үш күн бойы Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын болады - синоптиктер
АСТАНА. ҚазАқпарат - Синоптиктер алдағы үш күн бойы Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Республиканың оңтүстік-шығысында қатты жауын-шашын тудырған суық фронттар Қазақстан аумағынан кетпей жатып, Орал аумағынан кезекті циклонмен бірге суық арктикалық және арктикалық фронттар жылжып келе жатыр», - делінген ведомствоның хабарламасында.
Синоптиктердің мәліметінше, алдағы күндері Қазақстанның басым бөлігіне жауын-шашын түседі, солтүстік облыстарда қар жауып, боран соғып, қатты жел тұрады және көктайғақ болуы ықтимал. Оңтүстікте қар аралас жаңбыр жауады. Температура айтарлықтай өзгермейді, бірақ климаттық нормадан 3...5 ºС градус жоғары болып қалады.