Алдағы үш жылда 200-ден астам ауылға сапалы интернет тартылады – ШҚО

Шығыс Қазақстандағы өзекті мәселелердің бірі – ауылдардың ғаламтормен қамтылуы. Өңір әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, осы тұрғыда бірқатар жұмыс атқарылмақ.
Өткен жылы облыстағы 363 елді мекеннің 160-ында сапалы мобильді интернет тартылды. Қалған 203 ауыл 2026 жылға дейін кезең-кезеңімен сапалы интернетпен қамтамасыз етіледі.
«Осы жылы жергілікті бюджет есебінен 1,3 млрд теңгеге 19 антенналық-мачталық құрылымды салу және ұялы байланыс операторларының қолданыстағы лицензиялық міндеттемелерін орындау есебінен 16 ауыл мобильді интернетпен қамтылады. Тағы 70 ауылда ұялы байланыс операторларымен жасалған келісімшарттар негізінде интернет қолжетімді болады. Нақты айтқанда, 2023 жылы – 63 ауылда, 2024 жылы – 7 ауылда жұмыс жүргізілмек», - дейді аймақ басшысы Даниал Ахметов.
Қалған 117 елді мекенге сапалы интернет тарту жұмыстары 2025-2026 жылдар аралығында мәресіне жетеді.