Алдағы үш жылда елордада 15 жалпы білім беретін мектеп салу жоспарланған
АСТАНА. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Алдағы үш жылда елордада 15 жалпы білім беретін мектеп салу жоспарланған. Бұл туралы елорданың педагог қызметкерлерінің тамыз кеңесіне қатысқан Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов айтты.
Қаланың үздіксіз өсуіне әрі сапалы білім кеңістігін құру қажеттігіне орай елорданың алдына қойып отырған басымдықты міндеттері бар екендігіне тоқталған И.Тасмағамбетов «қалада орын алып отырған дефицитті толығымен төмендету үшін алдағы үш жылда 15 жалпы білім беретін мектеп салу жоспарланып отыр», деп атап өтті.
Қала басшысының айтуынша, келесі басымдықты міндетке сәйкес ағымдағы жылы жергілікті бюджет қаржысы есебінен 1-4-ші сыныпта оқитын оқушыларға тегін ыстық тамақ ұйымдастырылмақ. Қазіргі уақытта елорданың барлық мектептері қыркүйектің 1-інен бастап аталған қызметті көрсетуге тегіс дайын.
Сонымен қатар И.Тасмағамбетов Мемлекет басшысының тапсырмасына орай әзірленген «Балапан» бағдарламасының да жемісті жүзеге асырылып жатқандығына тоқталды. «Тек бағдарлама аясында ғана өткен толық емес жылдың ішінде қалада 13 мыңнан астам жаңа балабақша орындары құрылды. Бұл шамамен 50 мектепке дейінгі мекеме әрі бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады», деді елорда әкімі.