Алдағы үш жылда темекіге акциз ставкалары жылына 30 пайызға көтеріліп отырады - Е. Досаев
АСТАНА. 1 қазан. ҚазАқпарат - Алдағы үш жылда Қазақстанда темекіге акциз ставкалары жылына 30 пайызға көтеріліп отырады. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде өткен дөңгелек үстел барысында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев мәлім етті.
Министрдің айтуынша, алкоголь мен темекі тұтыну деңгейін төмендетуге бағытталған ең тиімді күрестің бірі экономикалық тетіктер болып табылады. «Әлемдік тәжірибе бойынша, темекі мен алкоголь бұйымдарына акциз мөлшерлемелерін біртіндеп көтеруден мемлекет ұтады. Ұлт саулығынан бөлек, бұл бір жағынан бюджеттің түсімін толтырса, екінші жағынан заңсыз өнімнің ағынына тежеу болады», - дейді министр Е.Д осаев.
Оның айтуынша, қазіргі таңда фильтрлі темекіге акциздік ставка 1000-1550 теңге болса, 2014 жылы бұл 3000 теңгеге, 2015 жылы 3900 теңгеге, ал 2015-2016 жылдары 5 000 теңгеге жетеді.