Алдағы жексенбіде «Хабар» арнасында Атырау және Қостанай облыстарының командалары сайысқа түседі
АСТАНА. 4 қаңтар. ҚазАқпарат - «Хабар» арнасында Қазақстанда тұңғыш ұйымдастырылғын телевизиялық жоба - «Аймақтар аламаны» өз көрсетілімін жалғастыруда.
Бұл туралы «Хабар» телеарнасынан хабарлады.
Мұнда Қазақстанның барлық облысынан жиналған 14 команда сынға түседі. Осы жексенбіде, 6 қаңтар күні сағат 18.30-да көрермендер бағдарламаның жаңа санын - атыраулық ағайын мен Қостанай жұртшылығы арасындағы дүбірлі доданы тамашалайды. Топ мүшелерінің аздығына қарамастан, атыраулықтар ұйымшылдық пен мызғымас бірлікті көрсете алды. Ал қостанайлықтар көпшілікті әуеде жасалатын трюктерімен баурап, тіпті әнші Меруерт Түсіпбаева да топ мүшелерінің біріне тұрмысқа шығуға қарсы емес екендігін жасырмады.
Естеріңізге түсіре кетейік, барлық облыс командаларын бір алаңға түйістірген «Аймақтар аламаны» жобасы өз көрсетілімін желтоқсан айының ортасынан бастады. Командалар ең үздік аймақ атану құқығы үшін таласқа түседі. Әр бағдарлама сайын екі облыс сайысып, жеңімпаздар жартылай финалға жолдама алады.
Қатысушылар төрт бөлім бойынша сыналады: ән сайысы, би жарысы, дарындылар додасы және қазақша күрес. Жобада жас жағынан да, жанр жағынан да шектеу қойылмаған.
Маңғыстау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстары сайысқа барлық өнерін салып, өз бақтарын сынап көрді. Ендігі тайталас - Атырау мен Қостанай облыстары арасында.
Осы жексенбіде, Атырау облысы өз таланттарын қалың жұртшылық қауымның назарына ұсынады. «Ән сайысы» бойынша өз облысының намысын қорғау бағы Хамиль Сүйекбаевқа бұйырды. Назгүл Жүсіпова жалынды «Чинтакса» ұйғыр биі арқылы әділ-қазы алқаларының көңілін табуға тырысады. Ал ең мақтанарлық талант - ерекше жанр «таланттар додасында» сайысқа түсетін, өз облысында танымал «Шеге және Найза» қойылымымен Темірлан Есдәулет болмақ. Қазақша күресте - Дастан Бақтыбай. Алайда, әділқазы алқалары топ мүшелерінің құрамы аз деп мін айтты.
- Біздің топ - саны жағынан ең азы - дейді жоба қатысушысы, Жантөрин атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі Хамиль Сүйекбаев. - Өзге облыстардан 25 адамнан келген, ал біздің топта бар-жоғы 4-ақ адам. Әділқазы алқалары айтқан ескертуге жауабымыз жалғыз: «Бастысы сан емес, сапа».
Қостанай облысының намысын қорғайтындар: халық әні «Япур-айды» орындайтын талатты әнші Ернар Садырбаев, «Ақбота» ұлттық би ансамблі және «Арена Чудес» ұлттық цирк гимнастары мен акробаттары. Қазақша күрес сайысында қостанайлықтар алып Азамат Ераділовқа қолдау көрсетеді.
Қостанайлықтар әуеде орындалатын таңғажайып трюктар дайындап келген екен, ол олар ойлағандай шыға ма? Кім қазыларды таңқалдырар екен: тілі от ораған қатысушы ма әлде болаттай қатты балта-адам ба? Не себептен Меруерт Түсіпбаева қатысушылардың біріне тұрмысқа шыққысы келді? Ол әншіні несімен қызықтырды?
Бұл сұрақтардың жауабын «Аймақтар аламаны» жобасының жаңа шығарылымынан біле аласыздар!
Қатысушылар өнерін бағалайтын қазылар алқасы құрамына спорт, эстрада жұлдыздары мен саясаткерлер кіреді. Тұрақты мүшелері - әнші Майра Ілиясова, «JADO» сән үйінің директоры, дизайнер, хореограф Жадыра Сахиева, осы уақытқа дейін қазылар құрамында «Хабар» Агенттігінің бас продюсері Ринат Кертаев, халық сүйіктісі, әнші Роза Рымбаева мен эстрада мэтрі Сембек Жұмағалиев болып үлгерді.
- Жобаның ширек финалына ең көп ұпай жинаған 8 облыс өте алады, ал қалған 6 облыстың қатысушыларына сайыстан шығуға тура келеді - дейді «Хабар» Агенттігі» АҚ бағдарламалар дирекциясының Бас продюсері Ринат Кертаев. - Одан өзге, ширек финалда қазылар алқасының құрамы түбегейлі өзгереді, бұл әділдік принципі сақталсын деген оймен жасалады. Жарыс финалы 24 наурызда өтеді. Осы кезде жоба жеңімпазы анықталып, жеңімпаз облыс ұйымдастырушылары атынан 2 миллион қаржылай сыйлықтың иегері атанады. Ұялы телефонмен дауыс беру арқылы «көрермендер көзайымы» номинациясының иегері анықталады.
70153 қысқа нөмерінен кейін көрсетілген облыстың нөмерін теріп, қоңырау шалу арқылы ұнаған командаңызға дауыс бере аласыздар (қоңырау құны Kcell, Active, Beeline абоненттеріне 145 теңге).