Алдағы жексенбіде мәслихат депутаттарын сайлау өтеді

АСТАНА. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат - Наурыздың 28-інде еліміздің 13 өңіріндегі 52 сайлау округінде шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлау өтеді.

Алдағы жексенбіде мәслихат депутаттарын сайлау өтеді

Бұл ақпараты ҚР Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі таратып отыр.

Мекеменің таратқан мәліметтері бойынша, барлық облыстық мәслихаттардың - 11, қалалық мәслихаттардың - 7 және аудандық мәслихаттардың 34 депутаты сайланбақ. Сайлау қажетті қаржылық, материалдық ресурстармен толық қамтамасыз етілген. Сайлауға қатысатын 149 кандидаттың 54-ін саяси партиялар, 2-ін - қоғамдық ұйымдар, ал 93-і өзін-өзі ұсынған. «Нұр Отан» халықтық- демократиялық партиясынан барлық 52 сайлау округі бойынша кандидаттар бар.

«Қазіргі уақытта мәслихат депутаттығына кандидат ретінде 120 адам тіркелген. Олардың 54-і еліміздегі саяси партияларының мүшелері, 51-і - партияда жоқ, ал 15-і - партияға қатыстылығын көрсетпеген. Тіркелген кандидаттардың 104-і - ер адамдар, 16-сы - әйелдер. 97 кандидат жоғары, 14 кандидат орта арнаулы, 9 кандидат орта білімді» делінген баспасөз хабарламасында.

ОСК-нің хабарлауынша, қазіргі кезде сайлауалды үгіттің соңғы кезеңі өтуде. Ол бүгін түнгі сағат 24.00-де аяқталады. Сайлау қарсаңындағы күні және дауыс беру күні үгіт жүргізуге тыйым салынған. Сайлау науқаны сайлау заңнамасы талаптарына сәйкес өтуде. Комиссияға үміткерлер тарапынан түскен шағымдар мен өтініштер жоқ.

Дауыс беру 2010 жылғы наурыздың 28-інде 317 сайлау учаскесінде өтеді. Сайлау заңнамасына сәйкес, әрбір сайлау учаскесінде тиісті әкімнің қолы қойылған сайлаушылар тізімі сайлау комиссиясына заңмен белгіленген мерзімде акт бойынша ұсынылған. Әрбір азамат сайлаушылар тізіміндегі өзі туралы ақпаратты тексеруге және тізімге енгізілмеуі, дұрыс енгізілмеуі немесе тізімнен шығарылып тастауы, сондай-ақ тізімдердегі сайлаушылар туралы мәліметтерде орын алған дәлсіздіктер туралы шағымдануға құқылы.