Алдағы жылдары Астанада 3 көпір салынады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әкімдігі қаланы барынша жинақы салудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарын түзді, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің сайты.
Астана қаласының әкімдігі, қаланың көлік жүйесін жаңғырту шеңберінде ең алдымен әлеуметтік бағыттағы бағдарлама әзірлеген. Бұл туралы брифингте көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқарма басшысының орынбасары Әлихан Куатбеков айтты.
Оның айтуынша, алдағы жылдары Астанада жаңадан үш көпір салынады.
«Алдағы 5 жылда 121 шақырымды құрайтын жол салу және 3 көпір мен 2 жолайрық салу жоспарланып отыр. Оның бірі жол өтпе, бірі тоннель. Бұл магистральдық көшелердің көлік өткізу қуатын арттырады», - деді А.Қуатбеков.
Сонымен қатар ол, өткен 3 жылда қаламызда 110 шақырымдық жаңа жол салынғанын, 102 шақырымдық жол жөнделгенін айтып өтті.
Жыл соңына дейін 28 шақырымдық жаңа жолдың құрылысы аяқталады. Қазір қаламызда 1 102 шақырымды құрайтын 1 039 көше бар және 8 көлік айрығы, 17 автожол көпірі, 7 жер асты және 4 жер үсті жаяу жүргіншілер өткелі, 9 жол өтпесі, 1 тоннель бар.