Алдағы жылдың қаңтарынан бастап теміржол тасымалында билеттердің құны 10 пайызға қымбаттайды

АСТАНА. Қарашаның 25-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - 2010 жылғы қаңтардың 1-інен бастап жолаушылар тасымалдаушы теміржол көліктерінде билеттердің бағасы 10 пайызға қымбаттайтын болады.
None
None

 Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Байдалы Дәрімбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Б.Дәрімбетовтың атап көрсеткеніндей, республикада теміржол көліктеріне билет бағалары 2005 жылы - 20, 2006 жылы - 15 және 2007 жылы - 15 пайызға көтеріліп, соңғы үш жылдан бері тұрақты болып келді.

Оның айтуынша, егер басқа тауарлар мен қызметтердің қымбаттап отырған қазіргі кезеңінде теміржол билеттерінің құнын арттырмаса, шығындарды республикалық және жергілікті бюджеттің иығына артуға тура келетін болады.

Сондай-ақ Басқарма төрағасы дәйекті себептердің бірі ретінде ТМД елдеріндегі купе және плацкартты вагондарда 500 шақырымға шаққандағы билеттің бағаларын салыстырмалы түрде ұсынды. Мәселен, Қазақстанда халықаралық қатынастағы плацкартты вагондағы билет құны - 2 666 теңге болса, ол Ресейде - 4 750 теңге, Қазақстанда купе - 4 297, ал Ресейде - 8 803 теңге тұрады. Сонымен қатар, ел ішіндегі қатынастардағы плацкартты вагондарда ол - 1058 теңге, Ресейде - 3338 теңге, республикада купе - 1702 теңге болса, Ресейде - 7162 теңге тұрады.

«Осы себепті біз 2010 жылғы қаңтардың 1-інен бастап билет бағасын 10 пайызға арттыру мәселесін көтеріп отырмыз. Бұл мәселе бүгінде ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінде қаралу үстінде», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар