Алдағы жылы Алматы мен Түркістанда жаңа теннис орталықтары ашылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алдағы жылы Алматы мен Түркістан қалаларында жаңа теннис орталықтары ашылады. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов жыл қорытындысына арналған жиында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алдағы жылы Алматы мен Түркістанда жаңа теннис орталықтары ашылады

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткендей, Болат Өтемұратов өтіп бара жатқан жылдың қазақстандық теннис үшін өте табысты болғанын, 2022 жылы өңірлерлерге ерекше көңіл бөлетінін жеткізді.

Оның сөзіне қарағанда, сонымен қатар Тараз, Орал, Шымкент, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында жаңа теннис орталықтарын салу жоспарланып отыр.

«Әр өңір алдағы жылы өзінің жетекші ойыншыларына кемінде 8 ұлттық, 5-6 халықаралық турнирлерге қатысуын қамтамасыз етуі керек. Өңірде әр жас ерекшелігіне қарай кемінде екі жарыс ұйымдастырылуы тиіс. Бүкіл жерде сапалы «спорттық пирамида» құру үшін 5-7 жасар балаларды іріктеу қажет. Барлық облыста жұмыс істеп тұрған теннис орталықтарының инфрақұрылымына қатысты теннис жабынын жөндеу, жарықтандыру секілді мәселелер бір жыл ішінде толықтай шешілгені жөн. Бұған федерация қажетті қолдау көрсететін болады», деді Б.Өтемұратов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Дэвис кубогында Қазақстан құрамасының Норвегиямен кездесетінін жазған болатынбыз.