17:30, 03 Ақпан 2009 | GMT +5
Алданған алматылық үлескерлердің біразы биыл пәтерге қол жеткізеді
АЛМАТЫ. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - «Жетісу-3» тұрғын үй кешенінің 64 үлескері өз пәтерлеріне биыл қол жеткізеді. Бұл туралы бүгін Алматы әкімдігінде үлескерлермен кездескен «Күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС директоры Мазан Серғазин айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Үкімет-Әкімдік-Салушы» қаржыландыру бағдарламасы бойынша өткен жылдың қыркүйек айында Алматыдағы үлескерлері бар құрылысты аяқтау үшін 10 миллиард теңге бөлінген. Мазан Серғазиннің айтуынша, «Жетісу-3» тұрғын үй кешеніне осы қаржыдан 5,5 миллиард теңге, «Меркурград» кешені үшін 4,5 миллиард теңге қарастырылған. «Алматы әкімінің басшылығымен коммерциялық тұрғын үй құрылысындағы жағдайды реттеу үшін құрылған ведомствоаралық комиссия жоғарыдағы 2 тұрғын үйді аяқтау туралы шешім шығарды. «Жетісу-3» кешенінің 386 пәтер және 96 үлескері бар. Бұл кешен құрылысын биылғы қыркүйек айында аяқтау көзделіп отыр», - деді М. Серғазин.Ал «Меркурград» кешені 30 үйден, 1673 пәтерден тұрады. Ондағы үлескерлер саны - 511 адам. Мазан Серғазиннің айтуынша бұл кешеннің биыл 240 үлескері бар 596 пәтерлік 10 үйі пайдалануға берілмек.