Алдауға арбалған оқушы 583 мың теңгеден қағылды

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ. Қыркүйектің 10-ы. ҚазАқпарат - Жезқазған қаласының ІІБ кезекші бөліміне алаяқтың арбауына түскен оқушының анасы келіп арызданады. Құқық қорғаушылардың жіті қимылының арқасында алаяқ көп кешікпей құрыққа ілінді. Белгілі болғандай, әккі алаяқ 11-інші сынып оқушысына 583 000 теңге шығын келтірген, деп хабарлайды Жезқазған қалалық ІІБ баспасөз қызметі.
None
None

Соңғы уақытта облыста кәмелетке толмағандарды алдап-арбау фактілері жиі кездесіп отыр. Осындай факті Жезқазған қаласындағы Алашахан көшесінің бойында тапа-тал түсте орын алды. Таңертеңгі сағат 11 шамасында дүкенге шыққан 17 жастағы қыз баланы тоқтатқан бейтаныс әйел оған: «Қызым, саған тіл-көз тиген екен. Отбасыңа да қара бұлт төніп, қарғыс атты пәле жабысқан», - дейді. Мұндай сөздерді оқыстан естіген оқушы не істерін білмей шошып қалады да, әйелдің сөзіне сеніп, онымен әңгімелесе кетеді. Алаяқ өзінің жоспары жүзеге аса бастағанын сезіп, оқушы қызға қарғыс пен тіл-көзді шешіп беруді ұсынады. Сөйтіп ол оның үйінен жұмыртқа мен ине алып шығуын сұрайды. Арбауға басы айналып қалған аңқау қыз, үйіне жүгіріп барып алаяқтың сұраған заттарын алып шығады. Бірдеңені іштей күбірлеп, 10-15 минут қулығын асырған алаяқ, барлық қарғыс пен пәле-жаланы қарайып кеткен ине бойына жиып алды деп сендіреді. Сөйтіп ол алданған оқушыға пәле-жала мен қарғысты оның отбасынан алшақтатқаны үшін ақы сұрайды. Басы айналып қалған қыз бала сол сәтте алаяқтың қолына үйінен 35 000 теңге ақша, «Нокиа» ұялы телефонын және зергерлік алтын бұйымдарын алып шығып, ұстата салады.

«Жедел іздестіру» шараларын өткізген полиция қызметкерлері көп кешікпей сол күні кешке «Жезқазған-Қарағанды» жолаушылар автобусына мініп кетіп, ізін жасырмақшы болған 35 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматшасын қолға түсірді. Алаяқтың сөмкесінен 34 000 теңге ақша, «Нокиа» ұялы телефоны және алтын зергерлік бұйымдар табылды. Оны жәбірленуші танып, алаяқ барлық іс-әрекетін мойындады. Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасуда.

Соңғы жаңалықтар