Алдымен экономика, содан кейін саясат – Жұманғарин Путиннің Қазақстанға келуі жөнінде

Алдымен экономика, содан кейін саясат – Жұманғарин Путиннің келуі жөнінде
Фото: Kazinform

Премьер-Министр орынбасары Серік Жұманғарин Ресей Федерациясының президенті Владимир Путиннің Қазақстанға сапары жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform. 

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 9 қараша күні Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Астанаға ресми сапармен келеді.

Президенттер Қостанайда өтетін Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумына бейнебайланыс режимінде қатысады.

«Бұл – бізді тату көршілік, оның ішінде мені қызықтыратын сауда-экономикалық қатынастар байланыстыратын мемлекеттің көшбасшысы. Бұл форумның ұйымдастырылып келе жатқанына биыл 20 жыл болды. Біз онда ең алдымен біздің екі ел тұрғындары мен бизнесінің проблемаларын талқылаймыз. Бұл форумда ауыл шаруашылығына үлкен көңіл бөлінеді. Әсіресе ауыл шаруашылығын цифрландыру, жастар тақырыбы талқыланады. Сондықтан мұнда қандай саясат болуы мүмкін? Біз тек қана экономикалық және сауда қатынастарын талқылаймыз», - деді С.Жұманғарин Үкіметте өткен брифингіде тілші сауалына.

Оның айтуынша, форумда сарапшылар, өңір басшылары келеді. Өңірлер арасында ең алдымен сауда-экономикалық келісімдерге қол қойылады.

«Алдымен экономика, содан кейін саясат деген ұғым бар. Біздің Ресеймен тауар айналымымыз 27 млрд долларға жетті, бүгінгі таңда ең ірі сауда серіктесіміз болып отыр. Өткен жылы экспорт 9 млрд доллар болса, биыл экспорт бойынша өсіп келеміз. Бұл тұрғыда жақсы ілгерілеп келеміз», - деді Серік Жұманғарин.

Соңғы жаңалықтар