Алдымен азаматтардың әлеуметтік-экономикалық құқығын қамтамасыз ету керек, саяси қадамдар кейінгі кезекте - М. Башимов
Ал Қырғызстандағы жағдайды бүгінде сарапшылар ішкі саяси тартыстардың нәтижесі деп бағалауда. Егер осы елдегі бұдан бірер жыл бұрынғы ахуалға ой жүгіртетін болсақ, Қырғызстан Президенті Құрманбек Бакиев 2005 жылдың наурыз айындағы «жауқазын төңкерісі» кезінде биліктен қуылған елдің бұрынғы басшысы Асқар Ақаевтың орнына келген болатын. Енді бүгіндегі оппозицияның әрекеті де сол 5 жыл бұрынғы оқиғаға сай келетін секілді. Яғни, әлеуметтік-экономикалық жетістікті көксеген қара халық тағы да наразылығын білдіруде. Осыған байланысты қырғыз еліндегі мемлекеттік және қоғамдық өмірдің барлық саласындағы жағдайдың күрт тұрақсыздануына әкелген ахуал тұрғысында ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның сарапшысы, заң ғылымдарының докторы Марат Башимов өз пікірін білдіріп отыр.
«Қырғызстанда болып жатқан оқиға заңгерлердің көзқарасы тұрғысынан ең алдымен «Бұл қолданыстағы құқықтық талаптарға сәйкес келе ме, жоқ па?» деп бағаланады. Осы мемлекетте болған оқиғалардың астары конституциялық төңкерісті білдіреді. Яғни, конституциялық құрылымға наразы адамдардың бір бөлігі көшеге шығып, митингтер өткізіп, соңы бүлікке ұласуы салдарынан Бішкектің әкімшілік ғимараттарының көбі бүлікшілердің қолына өтті.
Халық заңды жолмен сайлаған билік легитимді болып саналады. Атап айтқанда референдум мен сайлау актісін әлі ешкім де жоққа шығарған жоқ. Бакиев өзінің өкілетін әлі тапсырған жоқ. Сондықтан ол осы елдің заңды президенті болып саналады»,-дейді М. Башимов.
Оның сөзіне қарағанда, егер Бәкиев өкілеттілігін уақытынан бұрын тапсырып кетсе, онда барлығы заңгерлік тұрғыда дұрыс болмақ. Кейіннен сайлау арқылы заңды президент сайланатын болады.
«Қырғызстандағы ахуал тағы да әлемнің бірқатар елінде болып жатқан жағдайды көрсетіп отыр. Бұқаралық кез-келген революция, тартыстар азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына соқтырады. Мәселен, қаза болған жазықсыз азаматтар мен жарақат алғандардың осыған қандай қатысы бар? Сондай-ақ ғимараттар қиратылып, талан-таражға салу, тонау жалғасуда. Кез-келген революция - ол зорлық-зомбылық. Өкінішке қарай Бішкектегі оқиға да осы зорлық-зомбылыққа ұласты»,-дейді сарапшы.
Шынымен де тасқын судай ағылған жұрт әкімшілік ғимараттарды, бизнес мекемелерді, әлеуметтік нысандарды қиратып жатыр. Ал бұл нысандар мемлекеттік маңызы бар ғимарттар ғой. Яғни, бюджеттің, халықтың қаржысына салынған ғимараттар.
Бішкектегі бұл оқиға халықтың негізгі әлеуметтік наразылықтары электр энергиясы тарифінің көтерілуінен болғанын көрсетті. Яғни қалың бұқара бір мезетте шырпыдай тұтанып шыға келді. Сарапшының пікірінше, елдегі әлеуметтік мәселелер мен құқықтық мәдениет, жемқорлық факторлары да қоғамдағы наразылыққа ықпал етті. «Енді қазіргі кезде бұл оқиғада АҚШ-тың немесе Ресей саясатының астары бар деп жатыр. Алайда, ондағы қазіргі жағдайды зерделеп қарайтын болсақ, бұнда бұл мемлекеттердің қатысы жоқ екені байқалып отыр. Бұның барлығы әлеуметтік наразылықтың, яғни әлеуметтік саясаттың негізінде тұтанды. Қазақстанда жүргізіліп отырған саясатпен салыстырсақ, яғни экономикалық даму тұрғысынан алып қарасақ, бізде бірінші кезекте әлеуметтік экономикалық құқық тұр. Себебі, саяси құқыққа қанша кепілдік бергенмен, егер халық аш болса, қарапайым қажеттіліктер қамтылмаса, ол кейіннен саяси тасқынға ұласуы мүмкін. Сондықтан Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алғаннан бері алдымен азаматтардың әлеуметтік -экономикалық құқына екпін қоюға тырысты. Егер азаматтардың әлеуметтік-экономикалық құқы қорғалса, олар кейіннен саяси құқықтарды жүзеге асыруға мүмкіндік береді»,-деп атап өтті М. Башимов.
Оның пайымдауынша, жалпы айтқанда қырғыз елінде құқықтық мәдениет пен байсалдылық жетіспей отыр. Себебі, жиылған топтың психологиясы деген күрделі мәселе. Осындай мезеттерде топтың көтеріліп, тұтануы өте тез болады. Ал осыған саясаттанушылар саяси бағыттарды қосқан кезде жағдай қиындай түседі.
«Егер байқайтын болсақ, наразылық білдірушілердің арасында аға буынға кіретін адамдар өте аз, көбінесе жастар жиналған. Ендеше оларға әлеуметтік тұрғыдағы, яғни жұмыссыздық пен тағы да басқа факторлар ықпал етіп, міне осымен екінші рет бұндай жағдай Бішкекте тұтанып отыр. Қорыта айтқанда, Бакиев өзінің өкілеттілігін заңды түрде тапсырмайынша, ол Қырғызстанның заңды сайланған президенті болып саналады. Адам құқықтары жөніндегі халықаралық келісімдер бойынша билікті ауыстырғылары келсе, оны заңды жолмен шешу керек»,-деп түйіндеді пікірін сарапшы.