Алдымызда азаматтарымыздың әл-ауқатының сапалы және инклюзивті өсуін арттыру міндеті тұр – Әлихан Смайылов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президенттің халыққа Жолдауы Жаңа, Әділетті Қазақстан құру жолындағы ең маңызды қадам болып саналады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алдымызда азаматтарымыздың әл-ауқатының сапалы және инклюзивті өсуін арттыру міндеті тұр – Әлихан Смайылов

«Мемлекет басшысы атап өткендей, мемлекет пен қоғамның барлық негізгі салаларын қайта жаңғырту керек. Мазмұны жағынан Президенттің халыққа Жолдауы Жаңа, Әділетті Қазақстан құру жолындағы ең маңызды қадам болып табылады. Қазіргі жағдайда бәріміз нақты және үйлесімді әрекет етуіміз қажет. Алдымызда экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін, азаматтарымыздың әл-ауқатының сапалы және инклюзивті өсуін арттыру, бәріне бірдей мүмкіндіктер беру, қоғамдық қауіпсіздік пен ішкі тұрақтылықты сақтау міндеттері тұр», - деді ол.

Осы ретте Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының бірқатар негізгі бағыттарын жариялағанын атап өтті.

«Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы тәсілдерді орта мерзімді кезеңге арналған Экономикалық саясат жобасында қарастыруды және бір апта мерзімде Үкіметке тиісті Жарлық жобасын енгізуді тапсырамын», - деді Үкімет басшысы.


Фото: primeminister.kz