Алдымызда салмақты әрі жауапты іс тұр - Дариға Назарбаева
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент барлық деңгейдегі билік органдарының төтенше жағдайдағы әрекеттеріне егжей-тегжейлі талдау жүргізуі керек. Бұл туралы Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Парламент барлық деңгейдегі билік органдарының төтенше жағдайдағы әрекеттеріне егжей-тегжейлі талдау жүргізіп, жүйелі қорытынды шығару керек деп санаймын. Бұл әр адамның мүддесі үшін маңызды. Мұның барлығы туралы Президент Тоқаевтың Мәлімдемесінде нақты айтылған», - деді Д. Назарбаева Сенаттың жалпы отырысында.
«Елімізді «экономика мен мемлекеттік басқару жүйесін ауқымды, терең трансформациялауды жүзеге асыру» күтіп тұр. Турасын айтқанда, көлемі мен қиындығы жағынан бұл төтенше міндет болып табылады. Ол Үкіметтің, Парламенттің, жергілікті билік органдары мен азаматтық қоғамның бірлескен жұмысына ерекше талаптар қояды. Алдымызда салмақты әрі жауапты іс тұр», - деді Сенат төрағасы.