Алдын ала болжам бойынша, Ыстанбұлдағы шабуылдан қазақстандықтар зардап шеккен жоқ - СІМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әзірге, алдын ала болжам бойынша, Ыстанбұлдағы түнгі клубта болған шабуылдан зардап шеккен отандастарымыз жоқ.
Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақов телефон арқылы хабарлады.
«Біздің дипломаттар жергілікті билікпен және құқық қорғау органдарымен ұдайы байланыста. Ақпарат әлі де тексерілуде», - деді Әнуар Жайнақов.
Бұдан бұрын мәлім етілгендей, Reinа түнгі клубындағы шабуыл салдарынан 35 адам қаза тауып, жараланғандар саны 40-қа жеткен еді. Бұл туралы Ыстанбұлда жүрген отандасымыз Нұрат Илияс жергілікті билік мәліметтеріне сілтеме жасап хабарлады.
Санта Клаус костюмін киген екі ер адам "Рейна" түнгі клубына басып кіріп, бейберекет оқ атқан. Олар шабуыл жасаған кезде ғимараттың ішінде 700-800 адам болған.
«2017 жыл Түркияның ірі қаласында террорлық актімен басталды. Салафиттер түнгі клубқа кіріп автоматтан жаппай оқ ата бастады. Олардың пікірінше, Жаңа жылды мерекелеу - бұл харам. Және мұндай пайымдау әлеуметтік желіде таралған»,-деп жазды Нұрат Илияс Facebook-те. Ол Ыстанбұл университетінде «тюркология» мамандығы бойынша докторантурада оқиды. Үш жылдан бері осы қалада тұрады.
Ыстанбұл түнгі клубында оқ атқан лаңкестердің бірінің көзі жойылды, деп хабарлады Guardian.