Александр Бублик әлемдік рейтингіде үздік елулікке қайта кірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) жаңартылған рейтингіні жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Александр Бублик әлемдік рейтингіде үздік елулікке қайта кірді
Photo: ktf.kz

Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Ролан Гаррос турнирінің алғашқы айналымынан аса алмаса да, 51-ден 47-орынға көтеріліп, үздік елулікке қайта кірді.

А.Бублик осы аптада Хертогенбос (Нидерланд) жарысында өнер көрсетеді.

Жаңа рейтингіде Тимофей Скатов 147-ден 135-ке, АҚШ-тағы доданың финалына дейін жеткен Михаил Кукушкин 296-дан 252-ге, Бейбіт Жұқаев 325-тен 256-ға, Денис Евсеев, 310-нан 308-ге, Дмитрий Попко 360-тан 350-ге жоғарылады.

Сербиялық Новак Джокович қайтадан әлемнің бірінші ракеткасы атанса, испаниялық Карлос Алькарас пен ресейлік Даниил Медведев үздік үштікте тұр.

Жұптық сында Александр Недовесов 64-тен 59-орынға шықса, Андрей Голубев 82-ден 83-ке төмендеді.

Жұптық рейтингіде америкалық Остин Крайчик көш бастаса, нидерландтық Уэсли Колхоф екінші, ұлыбританиялық Нил Скупски үшінші сатыда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Новак Джоковичтің «Үлкен дулыға» турнирін 23 рет ұтқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Михаил Кукушкин АҚШ-тағы турнирдің финалында ұтылып қалды.

Елена Рыбакина ресми түрде әлемнің үшінші ракеткасы атанды.