Александр Бублик Аустралиядағы турнирдің финалына шыға алмады
Қазақстанның бірінші, әлемнің 31-ракеткасы Александр Бублик Аделаиде (Аустралия) ATP 250 турнирінің финалына шыға алмады, деп хабарлайды Kazinform.
Жарыстың 8-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші жартылай финалда дүниежүзілік рейтингіде 62-орында тұрған ұлыбританиялық Джек Дрейпермен бақ сынасты.
Тартысты өткен бірінші партияда ұлыбританиялық спортшы тай-брейкте басымдылық танытты – 7:6 (7:2).
Екінші сетте есеп 2:2 болған мезетте Д.Дрейпер брейк жасап, алға кетті – 4:2. Ақыры сол басымдылығынан айырылған жоқ – 6:4.
Бір сағат 35 минутқа созылған бәсеке барысында А.Бублик 7 эйс, 2 брейкпен (3 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Д.Дрейпер 8 эйс, 3 брейкке қол жеткізді.
Джек Дрейпер финалда әлемнің 32-ракеткасы, чехиялық Иржи Лехечкамен бас жүлдені сарапқа салады.
Александр Бублик үшін маңыздысы 14 қаңтарда басталатын Аустралия ашық чемпионатында барынша сәтті өнер көрсету болмақ. Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірімен жол тоқайласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Аустралия ашық чемпионатына қатысу үшін Мельбурнға келгенін жазған болатынбыз.