Александр Бублик Бельгиядағы турнирдің ширек финалына шықты

теннис
Фото: ktf.kz

Қазақстандық Александр Бублик жұптық сында Антверпен (Бельгия) ATP 250 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды Kazinform.

Қазақстандық теннисші 1/8 финалда ресейлік Александр Шевченкомен бірге бельгиялықтар Микаэль Гиртц — Готье Онклинмен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда тай-брейкте Бублик пен Шевченко әбжілдік танытты – 7:6 (7:4). Екіншісінде бельгиялық дуэт қарымта қайтарды – 6:4.

Супер тай-брейкте қазақстандық-ресейлік жұп жеңісті жұлып алды – 12:10.

Сағат жарымға созылған матч барысында А.Бублик пен А.Шевченко 7 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жібермеді.

Гиртц пен Онклин 4 брейкпен (10 брейк-пойнт) көзге түсті.

Қос Александрдың ширек финалдағы қарсыластары кейін анықталады.

А.Бублик жекелей сында 3-ракетка болып тіркелгендіктен, жарысты екінші айналымнан бастайды.

Онда франциялық Грегуар Баррерден өтуге тырысады.

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 43-ракеткасы Александр Недовесов Стокгольм (Швеция) ATP 250 додасының алғашқы айналымында эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге португалиялық Франсишку Кабраль – ұлыбританиялық Энри Паттенге жол берді – 6:7 (3:7), 4:6 есебімен жол берді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннисші Бейбіт Жұқаевтың әлемдік рейтингіде 53 сатыға жоғары көтерілгенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ қазақстандық жас теннисші Испаниядағы турнирдің жеңімпазы атанды

Соңғы жаңалықтар