21:16, 28 Ақпан 2023 | GMT +5
Александр Бублик Дубай турнирін жеңіспен бастады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 46-ракеткасы Александр Бублик Дубай ATP 500 турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 301-орында тұрған болгариялық Александр Лазаровпен өткізді.
Бірінші партияда А.Бублик айқын басымдылық танытты – 6:1.
Екінші сетте есеп 0:1 болған мезетте болгариялық спортшы бәсекені жалғастырудан бас тартты.
Жарты сағатқа жуық уақытқа созылған матчта А.Бублик 3 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланып үлгерді.
А.Бублик екінші айналымда әлемнің 7-ракеткасы, ресейлік Даниил Медведевпен шеберлік байқасады. Ол рейтингте 111-орындағы италиялық Маттео Арнальдидді жолдан тайдырды – 6:4, 6:2.
Дубай додасы 4 наурызда мәресіне жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын үш қазақстандық теннисшінің жұптық сында Астанадағы турнирдің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.