Александр Бублик Германиядағы жарыстың жартылай финалына өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 45-ракеткасы Александр Бублик Галле (Германия) ATP 500 турнирінің жартылай финалына жолдама алды.

Осының алдында екінші айналымда әлемнің 1-ракеткасы, италиялық Янник Синнерді ұтып, сенсация жасаған қазақстандық теннисші ширек финалда рейтингіде 23-орында тұрған чехиялық Томаш Махачпен шеберлік байқасты.
Қарсыластар бұған дейін өткен жылы Дубай (БАӘ) ATP 500 турнирінің алғашқы айналымында кездесіп, онда тартысты бәсекеде Бублик 2:6, 6:3, 7:6 (7:5) есебімен жеңген еді.
Бұл жолы Бублик 7:6 (7:2), 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Бір сағат 24 минутқа созылған ойында Бублик 19 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Махач 5 эйс, 2 брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті.
Александр Бублик финалға шығу үшін әлемнің 22-ракеткасы, ресейлік Карен Хачанов немесе рейтингіде 63-сатыдағы аргентиналық Томас Мартин Этчеверридің біреуімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Галле жарысында Александр Бубликтің әлемнің 1-ракеткасын жеңіп кеткенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Зарина Дияс Испаниядағы жарыстың жартылай финалына шықты.
Анна Данилина Ноттингем турнирінің жартылай финалына өтті.