Александр Бублик Германиядағы жарыста әлемнің 14-ракеткасын ұтты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 48-ракеткасы Александр Бублик Галле (Германия) ATP 500 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Александр Бублик Германиядағы жарыста әлемнің 14-ракеткасын ұтты

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін әлемнің 14-ракеткасы, хорватиялық Борна Чоричпен өткізді.

Бірінші партияда А.Бублик 4:1 есебімен алға кетіп, сол басымдылығын сақтап қалды – 6:3.

Екінші сетте қазақстандық спортшы қарқынын үдете түсті – 6:1.

Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Бублик 15 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Б.Чорич 1 эйстен аса алмады.

Александр Бублик ширек финалға шығу үшін әлемнің 21-ракеткасы, германиялық Ян-Леннард Штруфф немесе рейтингте 99-орындағы ресейлік Роман Сафиуллиннің біреуімен таласады.

Бір қызығы, А.Бублик Б.Чоричпен бірге жұптық сында алғашқы айналымда италиялықтар Симоне Болелли – Андреа Вавассориден жеңіліп қалған болатын – 1:6, 6:2, 9:11.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшілердің халықаралық турнирлерде табысты өнер көрсеткенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Елена Рыбакина Берлин турнирін жеңіспен бастады.