Александр Бублик Индиан-Уэллс мастерс жарысының келесі айналымына өтті

Бублик
Фото: Sports.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 20-ракеткасы Александр Бублик Индиан-Уэллс мастерс турнирінің үшінші айналымына өтті.

Жарысты екінші айналымнан бастаған қазақстандық теннисші дүниежүзілік рейтингіде 139-орында тұрған қытайлық Цзюнчэн Шанмен сынға түсті.

Тартысты өрбіген бірінші партияны А.Бублик брейкпен тәмамдады – 6:4.

Қазақстандық спортшы екінші сетте қарқынын үдетіп, есепті 4:0-ге жеткізді. Ақыры матчты жеңіспен аяқтау қиынға түскен жоқ – 6:1.

Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Бублик 10 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жіберген жоқ. Шан 1 брейкпен (4 брейк-пойнт) шектелді.

А.Бубликтің үшінші айналымдағы қарсыласы әлдеқайда мықты. Қазақстандық теннисші әлемнің 10-ракеткасы, аустралиялық Алекс де Минормен кортқа шығады.

Қазіргі сәтте Александр Бублик ATP Live рейтингісінде 18-орынға көтеріліп тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қатарынан 22 матчта жеңіске жеткен Дмитрий Попконың Бразилияда жартылай финалға өткенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар