Александр Бублик Канададағы мастерс турнирінде ұтылып қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 28-ракеткасы Александр Бублик Торонто (Канада) мастерс турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Александр Бублик Канададағы мастерс турнирінде ұтылып қалды
Фото: sports.kz

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 17-ракеткасы, Польша өкілі Хуберт Гуркачпен кездесті.

Поляк теннисшісі 6:3, 7:6 (7:2) есебімен жеңіске жетті.

Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Бублик 10 эйс жасап, 3 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Қарсыласы 7 эйс, 4 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.

А. Бублик жүлде қоры 6,6 млн АҚШ долларына бағаланған жарыстың жұптық сынында да өнер көрсетеді. Ол франциялық Адриан Маннариномен бірге алғашқы айналымда франциялық Фабрис Мартен – германиялық Андреас Мьеспен шеберлік байқасады.

Қазақстанның әйелдер арасында жұптық сындағы бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Анна Данилинаның Монреаль мастерс додасындағы қадамы сәтсіз болды. Ол америкалық Бетани Маттек-Сандспен бірге чехиялықтар Каролина Мухова – Маркета Вондроушоваға жол берді – 6:0, 4:6, 4:10.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның әлемдік рейтингте үздік үштіктен тыс қалғанын жазған болатынбыз.