Александр Бублик Лондон турнирінің екінші айналымына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 37-ракеткасы Александр Бублик Лондон ATP 500 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 74-орында тұрған италиялық Лоренцо Музеттимен өткізді.

Бірінші партияда А.Бублик басымдылық танытты – 6:3.

Екінші сет басталар алдында италиялық спортшы матчты жалғастырудан бас тартып, кортқа шықпай қалды.

Небәрі 35 минутқа созылған бәсекеде А.Бублик 7 эйс жасап, үш брейк-пойнттың біреуін пайдаланып үлгерді.

Қазақстандық спортшы екінші айналымда хорватиялық Марин Чилич немесе ұлыбританиялық Лиам Броэдидің біреуімен шеберлік байқасады.

Жүлде қоры 2,1 млн еуродан асатын Лондон додасы 19 маусымда мәреге жетеді. Өткен жылы мұнда италиялық Маттео Берреттини чемпион атанған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанның бірінші ракеткасының әлемдік рейтингіде 37-орынға көтерілгенін, қазақстандық жас теннисшінің Грузиядағы жарыстың абсолютті жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Жібек Құламбаева әлемдік рейтингіде жеке рекордына қол жеткізді.



Соңғы жаңалықтар