Александр Бублик Мадрид мастерс турнирінде екінші жеңісіне қол жеткізді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 75-ракеткасы Александр Бублик Мадрид мастерс турнирінің үшінші айналымына шықты.

Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 26-ракеткасы, аустралиялық Алексей Попыриннен айласын асырды.
Бірінші партияда 6:4 есебі тіркелді. Екінші сетте Попырин 3:0 есебімен алға кетті. Соған қарамастан, Бублик таразы басын теңестіріп, тай-брейкте матчтың нүктесін қойды – 7:6 (7:4).
Бір сағат 50 минутқа созылған бәсеке барысында Бублик 10 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың екеуін өз есебіне жазды. Аустралиялық спортшы 7 эйс, 1 брейктен (6 брейк-пойнт) аса алмады.
Александр Бублик төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 8-ракеткасы, ресейлік Андрей Рублёв немесе рейтингіде 42-орындағы франциялық Гаэль Монфистің қай жеңгенімен таласады.
Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 988-сатыдағы 17 жастағы Әмір Омарханов Шымкент ITF M15 турнирінің ширек финалында әлемнің 884-ракеткасы, Польша өкілі Яша Шайрихқа жол берді – 6:7 (2:7), 2:6.
Әмірдің бұл ойыны да тартысты болып, екі сағаттан астам уақытқа созылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын 17 жастағы Әмір Омархановтың Шымкенттегі турнирдің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Ақтауда арбадағы теннистен Қазақстан кубогының жеңімпаздары анықталды.