Александр Бублик Мадрид мастерс турнирінде ширек финалға шыға алмады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 75-ракеткасы Александр Бублик Мадрид (Испания) мастерс турнирінің төртінші айналымында өнер көрсетті. 

Александр Бублик Мадрид мастерс турнирінде ширек финалға шыға алмады
Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші әлемнің 23-ракеткасы, 19 жастағы чехиялық Якуб Меншикпен кездесті.

Чехиялық спортшы бір сағатқа жетпейтін уақыт ішінде 6:3, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Ол 10 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың үшеуін өз есебіне жазды.

Александр Бублик 4 эйс жасағанымен, 3 брейк-пойнтты пайдалана алмады.

Якуб Меншик жартылай финалға шығу үшін әлемнің 2-ракеткасы, германиялық Александр Зверев немесе рейтингіде 21-орындағы аргентиналық Франсиско Серундолоның біреуімен таласады.

Александр Бублик өткен жылы да Мадридте төртінші айналымға дейін жеткен еді. Ол қазіргі сәтте ATP Live рейтингісінде 76-орынға ығысып тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бубликтің Мадридте өткен жылғы чемпионды ұтып, төртінші айналымға өткенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар